Музей тарихы

Құрылған жылы – 1990

ХХ ғасырдың басында уездік Өскемен қаласының Базар (қазіргі Тоқтаров көшесі) және Троицкий (қазіргі Карл Либкнехт көшесі) көшелерінің қиылысында екі қабатты кірпіш үйдің құрылысы басталған еді. Оның қожайыны – Күршім мен Майқапшағай алтын кен орындарының иесі Андрей Савельевич Меновщиков болды. 1907 жылы құрылыс аяқталып, 1914 жылы ғимараттың тағы бір қосымша қанаты салынды. Оның үйі де, кеңсесі де осы ғимаратта орналасты.

Кеңес кезінде, 1930-жылдары мұнда баспахана орналасты. 1958 жылы,облыстық баспаханаға тарлық еткен кезде, К. Либкнехт көшесінің бойына ғимаратқа Г-тәріздес пішін беретін қосалқы жанама құрылыс салынды. 1990 жылы баспахана басқа ғимаратқа көшіп, осы ескі ғимарат жаңадан құрылған Өнер мұражайына берілді.

Ғимарат 561.039.А2. нөмірімен жергілікті маңыздағы Ескерткіштер реестріне тіркелген.

Мұражайдың құрылу тарихынан

Мұражайды құрудың бастамасы (алдымен сурет галереясын құру жоспарланған) облыстың жетекші суретшісі Л. Е. Агейкинге тиесілі, ол өзінің мұндай ойын 1970 жылдардың соңында қала құрылысы жөніндегі Кеңесте айтқан болатын. 1986 жылдың желтоқсан айында облыстық «Рудный Алтай» газетінде жаңа мұражай ашу жөнінде қала жұртшылығының ұсынысы жарияланды.

Шығыс Қазақстан өнер мұражайы 1990 жылғы шілде айында Шығыс Қазақстан этнографиялық мұражайының Ерте орыс және Қазіргі көркемсурет бөлімдерінің негізінде құрылды. Өнер мұражайына мемлекеттік мекеме ретіндегі ресми статус 1990 жылғы 1-шілдеде берілді.

Оның қор коллекцияларын қалыптастыруға Қазақ ССР Мәдениет жөніндегі комитетінің 18.02.1991 жылғы шешімімен облыстық этнографиялық мұражайдан берілген 90-нан аса көркемсурет және кескіндемелік туындылар негіз болды. Кейінірек, сол 1991 жылы Агейкиндер отбасы шығысқазақстандық суретші, СССР Суретшілер одағының мүшесі Леонид Евтихиевич Агейкиннің 1000 көркемсурет және кескіндемелік жұмыстарын мұражайға сыйға тартты. Бұдан басқа, сонау 1986 жылы суретшілер Н.П.Аштема, В.М.Дранишников, В.В.Лукьянов, В.Н.Подкидышев, В.И.Ляпунов өз суреттерін болашақ мұражайға сыйлаған болатын.

Құрылғаннан бастап, 1990 жылдан 2009 жылға дейін мұражай директоры Мария Владимировна Агейкина болды. 2009 жылдан 2017 жылға дейін мұражай директоры Нұржази Әнуарбекқызы Қалиева болды. 2018 жылы бұл қызметке мұражайдың қазіргі директоры Уябаева Бекайым Касымхановна кірісті.

 

2012 жыл

2013 жыл