2022 жылғы 14 желтоқсанда сағат 15.00-де Шығыс Қазақстан өнер музейінде біздің жерлесіміз, суретші, ақын, сазгер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Оразалы Елдар Кәменұлы мерейлі 60 жасқа толуына орай «Жүректегі сөзді айтар өлеңім» атты рухани-танымдық жыр кеші өтті.
Елдар Кәменұлы Оразалин Абай ауданының Қарауыл ауылында көрнекті жазушы Кәмен Оразалиннің отбасында дүниеге келген, 1980 жылы Абай атындағы орта мектепті, 1986 жылы Семейдің педагогикалық институтын бітірген. Әке жолын қуып әдебиетке ерте бастан құмартқан албырт ақын еңбек жолын 1986 жылы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметтен бастаған. Мектеп жанынан шығатын «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының көркемдік жетекшісі болып, 13 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен. Жас ұрпақты өнер мен білім жолында тәрбиелеудегі жемісті еңбегі үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.
Елдар Кәменұлы Абай ауданының мәдениет саласында ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарды, Ертіс өңірі Композиторлар Одағының мүшесі. Әкеге тартып туған талантты ұл, Кәмен Оразалин сияқты Шыңғыстау елінің мәртебесін арттырып жүрген азамат.
2022 жылы 1 сәуірден бастап «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК бөлімі К.Оразалин музей-үйінің меңгерушісі қызмет атқаруда.
Іс-шара барысында БАҚ өкілдері Елдар Кәменұлы мен музей мамандарынан сұхбат алып, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің бас маманы Эльмира Асқарқызы құттықтап, «Алғыс хат» табыстады. Сонымен қатар мерейтой иесін ҚР құрметті журналисі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Филология ғылымдарының кондидаты Айтмұхамед Қасымұлы ақ бата беріп, «Қазақстандық» салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан Облыстық филиалының» басшысы Түсіпхан.Түсіпбекұлы және С.Аманжолов университетінің оқытушысы филология ғылымдарының докторы, доцент Айжан Мұратбекқызы құттықтап ыстық лебізін білдірді.Хасенов Ертай жетекшілік ететін «Шабыт» студенттер театры жастары Елдар Кәменұлының өлеңденрін оқыды. «Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер ущелишесінің» 4 курс студенті облыстық, республикалық байқаулардың лауриаты Батырқанов Темірлан қазақтың қара домбырасымен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Кеш иесіне музей директоры Бекайым Қасымханқызы ақжарма алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Шара музейдің белді қызметкері Гүлнар Қайырбекқызының «Желсіз түнде жарық ай» әні мен аяқталды.
Шараға ақынның әріптестері мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ және КАСУ университеттерінің филология факультеттерінің студенттері, мәдениет басқармасы мен қаламыздың мәдени мекемелерінің мамандары, зиялы қауымы, БАҚ өкілдері және музей мамандары қатысты.