Жамхан Айдар Жамханұлы

Жамхан Айдар Жамханұлы 11.07.1978 ж. Алматы қаласында туылған.

1996 жылы «Көркем сурет» мамандығы бойынша Алматыдағы Республикалық көркемдік колледжін, 2002 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы магистратурасын бітіріп, «кескіндеме магистрі» мамандығына ие болады. 2006 жылға дейін Т.Жүргенов атындағы КазҰӨА  «Кескіндеме» кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді.

Айдар Жамхан – монументалды мүсіндер мен гобелендердің авторы. 2003 жылы ҚР суретшілер Одағына қабылданады, ҚР заманауи бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Дарын-2008» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанады.

Айдар Жамхан танымал монументалды-декоративтік гобелендердің жарыққа шығуына үлесін қосқан, олар ҚР Президентінің Ақ-Орда резиденциясының (Астана қаласы), «ҚТЖ» және «Самұрық-Қазына» (Астана қаласы), «ТеңізШевройл» (Атырау қаласы) басты кеңселерінің көркін келтіріп тұр.

2009-2010 жылдары монументалшы суретшілердің құрамында Алматы метрополитен станциясының, Балуан Шолақ атындағы Спорт Сарайының ішкі көріністерін  көркемдеді.

2009-2015 жылдары Айдар Жамхан Талдықорған, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда орталық мешіттерінің, Қостанай облысы Қарабалық ауданы орталығының, Астана қаласындағы «Хазрет Сұлтан» мешітінің, сонымен қатар Талдықорған қаласындағы «Достық Үйін» безендіруге белсенді қатысқан.

2013-2016 жылдары ҚР Ұлттық музейінің экспозициясы үшін «Мәңгілік ел» монументалды триптихты, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» монументалды-декоративтік гобеленді жасауда өзге суретшілермен бірге жұмыс атқарды (ҚР Ұлттық музейінің тапсырмасы бойынша, Астана қаласы).