
5 желтоқсанда Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Бостандық жолы: Жасанды зерде көзқарасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Тәуелсіздік күніне арналған бұл көрме – тарих пен технологияның тоғысқан ерекше диалогы. Салтанатты кеште ақын Оразай Жеңісұлы, белгілі журналист F16 сайтының бас редакторы Серік Әбілхан, фото-тілші Тілеубек Шаяхметұлы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі — Гүлнар Бекбердинова және журналист Мерей Қайнар сияқты құрметті қонақтар сөз сөйлеп, ел тарихы мен рухани мұратын тереңінен тарқатты. Жұлдыз өнер мектебінің «Лаула» тобының және театр актеры Қайрат Мұқыштың өнері кештің рухын айшықтай түсті.
Көрменің ерекшелігі – жасанды зерде көмегімен жасалған 11 цифрлық туынды. Көрермендер туындыларға тікелей сұрақ қойып, цифрлық сананың жаңа мүмкіндіктерін байқап көрді. Кеш соңында Мұқиятқызы Құндыз орындаған «Желтоқсан желі» әні тәуелсіздік рухын тағы бір мәрте жүректерге жеткізді.
Баршаңызды «Бостандық жолы: Жасанды зерде көзқарасы» көрмесін тамашалауға шақырамыз!

