Жер жаңғырығы
Тұрақты қолданыстағы қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары Шығыс Қазақстан өнер музейінің қор коллекциясында ұсынылған.
Ерте ғасырлардан жеткен дәстүрлі музыкалық аспаптар қазақ мәдениетінің асыл мұрасы болып табылады. Есімдері беймәлім халық музыканттары аспаптарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Ерте заманда музыкалық аспаптарды ағаштан, теріден, сүйектен, жануарлардың мүйіздерінен, жылқының қылынан жасайтын болған. Олардың сипаттамаларын, ал кейде суреттемелерін 18-19 ғасырларда қазақ жерінде болған саяхатшылар мен ғалымдардың жазбаларынан, фольклорлық туындылардан көруге болады. Қазақтың көне музыкалық аспаптары Москва, Петербор, Алматы, Семейдің музейлерінде сақталған. Бүгінгі күні зерттеушілерге 40- тан астам ескіден келе жатқан қазақтың музыкалық аспаптары белгілі, оларды бес топқа бөлуге болады:үрмелі аспаптар – саз сырнай, қос сырнай, қамыс сырнай, мүйіз сырнай, сыбызғы, адырна, ұран, керней. Ішекті аспаптар: - жетіген, шертер, екі,үш ішекті домбыра, қыл қобыз. Жұқа темір тілшік арқылы дыбыс шығаратын аспап шанқобыз, немесе шанқауыз, бөлек топты құрайды. Тері, сондай-ақ басқа материалдан жасалып, тартылған бетті соғу арқылы дыбыс шығаратын аспаптар: - даңғара, дауылпаз, шындауыл, дабыл, кепшік, шын. Және соңғы, бесінші топты қоңырау арқылы дыбыс шығаратын аспаптар құрайды. Олар қоңыраулар, асатаяқтың көптеген түрлері. «Жер жаңғырығы» көрмесінде келушілер қазақ халқының музыкалық аспаптарымен, Шығыс Қазақстанның өзіндік дәстүрі бар аспаптарымен етене таныса алады. Сөрелерде 28-ден астам қазақтың дәстүрлі аспаптары көрсетілген, олардың үндерін естуге болады және аспаптарды жасау технологияларымен, өзіндік дыбыс шығару ерекшеліктерімен танысуға болады