«Дала дидары» облыстық өнер фестивалі»

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Тарбағатай ауданының бейнелеу өнері туындыларының кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары көрмесі

2021 жылдың 4 маусым күні "Дала Дидары" жобасы іс-шараларын «тарихтың алтын белесі», «жерұйық жердің төресі» тарихқа толы тұғырлы Тарбағатай ауданының көрмесі жалғастырмақ.

Байқаудың мақсаты-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы негізінде "Туған жер", «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобаларын іске асыру және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында алыс аудандардағы бейнелеу өнері шеберлері мен өнерлі жастарды қолдау, суретшілер мен қолөнер шеберлері арасында жаңа есімдерді іздеу.
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданы 1928 жылы құрылған. 1997 жылы Ақсуат ауданы таратылып, Тарбағатай ауданының аумағына енгізіліп, Тарбағатай ауданы деп аталды. Ауданда «Тарбағатай» мемлекеттік табиғи қорықшасы, «Ырғызбай- ата» кесенесі, «Бөрітостаған» тауы және «Сеңгір» сауықтыру лагері жұмыс істейді.
Тарихқа толы Тарбағатай өңірі ­­– ел қорғаған ерлердің ерекше тарихының өткен көне көз куәсі.Оны жер атауларындағы этимологиясынан, топонимдер тарихынан аңғаруға болады.
Ауданда өңірдің рухани дамуына үлес қосып келе жатқан мәдениет үйі, кітапхана, өнер студиялары, өнер мектептері, музейлерді қоса алғанда жалпы жиыны 21 мәдениет ошағы бар. Ал түрлі өнер майталмандарынан құрылып, аудан ғана емес еліміздің мәдениетіне қызмет жасап, баба аманатын жалғап келе жатқан 22 белгілі шығармашылық ұжым және тамаша таланттар кез-келген байқау мен шараға қатысып шыңдалған.
Көрмеде ауданның белгілі суретшілер династиясы Әлібек, Әділет Шоқановтардың пейзаж жанрындағы жұмыстары, суретшілер Еркебұлан Жәкішевтің «Күш», Мейір Жетпісовтың «Туған жер», Сүлейменов Еркіннің «Абылай хан» картиналарына карап киелі Тарбағатай төріне сапар шеккедей боласыз. Қолөнер шеберлері Құжиманов Еламанның ұлттық аспаптары, Әбілқасымов Марат, Сәлменов Ринаттың ат абзелдері, Айнұр Жұмабекқызы, Абылгазинова Жансаяның ұлттық қолөнер бұйымдары шынайы шеберлік пен кәсіби мамандардың туындылары деп айтуға негіз болады.
Көрме маусым айының 4-нен маусым айының 27-на дейін жұмыс істейді.
Қош келдіңіздер!