Аrt-жастар

 Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша елімізде жарияланған Жастар жылының шымылдығы Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Аrt-жастар» көрмесімен түрілді. Экспозиция Өнер музейінің Үлкен залына қойылған және жастар тақырыбы өткенге шолу жасаумен көрсетілген (ШҚӨМ қорынан алынған кескіндеме, графика жұмыстары).

Көрме шағын (25 жұмыс), десе де онда Республикадағы заманауи кескіндеме мектебінің стильдік әртүрлілігінің қалай пайда болғаны көрсетілген. Көрермен социалистік реализм мен авангард бағытындағы туындыларды көріп, қазақ өнерін ТМД, Еуропа, АҚШ галереяларына тамсантып жүрген алматылық жас суретшілер Қуаныш Базарғалиев пен Сәуле Сүлейменовалардың, сондай-ақ, Шығыс Қазақстанның заманауи суретшілері Виктор Калинин, Қайсан Қадырбеков, Ержан Тұрганбаев, Талғат Татиев, Болат Исиннің туындыларымен таныса алады. Өскемен қаласының суретші-дизайнерлері Нина Кружкина мен Нина Федотова орындаған тұжырымдамалық жоспардағы арт-нысандар көрменің бір бөлігі (вернисаж кезінде) болды.