
«Қастеев оқулары» ғылыми практикалық конференциясы
2022 жылдың 20 қазанында Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Б. Уябаеваның басшылығымен музей қызметкерлері Алматы қаласында, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде өткен жыл сайынғы музейлік «Қастеев оқулары» ғылыми практикалық конференциясына барып, қатысып қайтты. Конференцияның ұйымдастырушысы және модераторы - Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Екатерина Ильинична Резникова. Биылғы конференция қарқынды өзгеріп жатқан әлем жағдайында мәдени мұраны дамыту мен сақтаудың өзекті мәселелеріне арналды. Ғылыми практикалық конференцияға Ресей, Өзбекстан, Қазақстанның бірқатар қалалары. Алматы, Астана, Семей, Өскемен, Павлодардан ғалымдар, музей мамандары, өнертанушылары, тарих ғылымдарының докторы, журналистер қатысты.
Конференция барысында қатысушылар музей ісі жайында өнертанудың өзекті мәселелерін қамтып, ғылыми – зерттеу жұмысының нәтижелері, аймақтық өнер мектептерінің дамуын ортаға салды. Атап айтсақ Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорларды есепке алу және сақтау бөлімінің басшысы Школьная Ирина ҚР Мемлекеттік өнер музей қорларынан Батыс Еуропа графикасының туындыларын атрибуциялау мәселесіне тоқталса, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өнертану институтының, академигі, доктор Нигора Ахмедованың “Ғасыр мифологиясы, 1920-1950 жылдардағы Өзбекстан бейнелеу өнерін” , Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің графика секторының жетекшісі Сандугаш Көпболсынқызы “Қазақстан суретшілері шығармашылығындағы «Алаш» зиялыларының көрінісі” тақырыбында ой қозғады. Сонымен қатар шет елдік музейлер тәжірибесіндегі инновациялық технологиялар, халық музыкалық аспаптар музейіндегі мультимедиялық дәстүрлі музыка орталықтарындағы интерактивті және ақпараттық технологиялар, қолөнер тақырыбында да маңызды баяндамалар жасалды.
Мұндай форумдарға қатыса отырып біздің музей республиканың басқа өңірлерімен байланысын нығайтады деп санаймыз. Біздің екі қызметкеріміз өз баяндамаларын қорғап, "Қастеев оқулары" дәстүрі бойынша конференцияға қатысушылардың ғылыми мәтіндері жарияланған құнды жинағын алды.Іссапар барысында музейіміздің директоры Уябаева Бекайым Қасымханқызы Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ директоры Жумабекова Гулаим Мусагуловнамен кездесіп, 2023 жылы республика күніне орай
Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ коллекциялық таңдаулы жұмыстарының көрмесін ШҚ өнер музейінде өткізу мәселесін қарастырды. Өз кезегінде, 2024 жылы ҚР Ә. Қастеев атындағы МӨМ залдарының бірінде Шығыс Қазақстанның өңірлік суретшілерінің көрмесін өткізу туралы сөз де қозғалды.
Конференцияға қатысудан басқа біздің мамандар Алматыда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші Алпысбай Қазгұловпен және "Мысль" республикалық қоғамдық-саяси журналының редакторы Аяған Сандыбаймен кездесті. ШҚ өнер музейі үшін осындай басылымдармен ынтымақтастық өте маңызды, соның арқасында біз өз жұмысымызды жалпы республикалық деңгейде танымал етуге және үйлестіруге мүмкіндігіміз бар.